СҚО-да астық қабылдау пунктінде өрт шығып, 748 тонна ұн жанып кетті


ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Кондратовка елді мекенінде астық қабылдау пунктінде өрт шығып, қапқа салынған 748 тонна ұн, 20 тонна кебек және айырлы жүк тиегіш жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Об этом сообщает FIB

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 маусым күні сағат 5.36 минут кеткенде өрт сөндіру қызметіне Қызылжар ауданындағы Кондратовка елді мекеніндегі астық қабылдау пункті аумағының жанып жатқандығы жөнінде хабар түседі.

Өрт «Нұр компания Астық ЛТД» ЖШС қоймаларының бірінде шыққан. Жалынмен күреске Қызылжар ауданының және Петропавлдың мамандары мен техникасы жұмылдырылады. Алайда олардың оқиға орнына жылдам жетуіне жолдың нашарлығы кедергі болған.

Өрт сөндірушілер жеткенде секциялық үлгідегі қойма лапылдап жанып, қасындағы қалған нысандарға таралу қаупі болған.




Жалынды ауыздықтаумен өрт сөндіру қызметінің 40 маманы және 11 техника, сондай-ақ кәсіпорынның ерікті өрт сөндіру құрылымының 3 маманы мен 1 техника айналысты. Өртті үш жерден сөндіруге тура келді. Жоғары температура мен көк түтін олардың жұмысын қиындата түсті. Тек таңғы сағат 10.07 минут кеткенде ғана өрт толық сөндірілді.

Мамандардың айтуынша, 1100 шаршы метр аумақтың шатыры зақымданды. Қаптарға салынған 748 тонна ұн, 20 тонна кебек және айырлы жүк тиегіш жанып кетті. Ал жақын маңдағы қоймалар мен диірмен кешенінің ғимараты аман қалды.




Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі және келген шығын мөлшері анықталып жатыр.



Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/sko-da-astyk-kabyldau-punktinde-ort-shygyp-748-tonna-un-zhanyp-ketti_a3660979”

©1info.net