20 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 20 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

Об этом сообщает Устав Груп

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік босқындар күні

Дәл осы күні 1969 жылы бекітілген Африкалық босқындар күні бірнеше елде атап өтілетін. Кейіннен БҰҰ-ның 2000 жылғы 4 желтоқсандағы шешімі бойынша Дүниежүзілік босқындар күні 2001 жылдан бастап Африка босқындарының күнімен қатар атап өтілетін болды.

Зообақтарда пілдерді қорғаудың халықаралық күні

«Жануарларды қорғау» ұйымының (IDA) бастамасы бойынша 2009 жылдан бастап атап өтіліп келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы «Жоғарғы Марианна» көмір қабаты бойынша бірінші рет Қарағанды шахтасының құрылысы басталды.

1991 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкінің жарғысы туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, Ұлттық мемлекеттік банк республиканың меншігіне өтіп, Орталық банк болып құрылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Түркі мәдениеті және өнері мәселелері жөніндегі бірлескен комитет (ТҮРКСОЙ) мүшесі атанды.

1992 жылы Алматыдан Үрімжіге алғашқы халықаралық темір жол қатынасы ашылып, бірінші жолаушылар пойызы аттанды.

2003 жылы еліміздегі жер реформасының маңызды актісі Қазақстан Республикасының жаңа Жер кодексі қабылданды.

2013 жылы Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағатынан Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Орал» газеттерінің алғашқы шыққан сандары табылды.

2014 жылы «KazEOSat-2» қазақстандық жер серігі орбитадан алғаш рет телеметрикалық ақпарат берді.

2016 жылы Атырау облысында 2015 жылы әскери жаттығу кезінде әріптестерін құтқарып, өзі қаза тапқан Бақытжан Қалыбайға ескерткіш тақта орнатылды. Тақта сарбаздың туған ауылы Мақат ауданындағы Бәйгетөбе ауылындағы мектепте ашылды.

2017 жылы режиссёр Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорктегі кинофестивальде үздік көркем фильм атанды. Фильмнің продюсері Әлия Назарбаева «Кинодағы еуразиялық әйелдер» наградасын алса, Алтынай Нөгербек үздік актриса деп танылды.

2018 жылы Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының галереясында Американың талғампаз жұртшылығына Қастеев атындағы өнер мұражайының ХХ ғасырға тиесілі жауһар туындылары ұсынылды. Көрмеге 1930-1970 жылдардағы қазақстандық өнер туындыларының үздік үлгілері ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір шедевр Қазақстан мәдени мұрасының зор байлығын бейнелеп, қазақ халқының өмір салтынан хабар береді.

2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасы мен «Біргеміз» жалпыұлттық акциясының барысында ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті.

Іс-қимыл жоспарында сот жүйесін жаңғырту, полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік қызметті жетілдіру, квазимемлекеттік секторға қоғамдық бақылау мен есеп беруін күшейту, монополистер тарапынан бәсекеге кедергілерді жою және асыра пайдалануды болдырмау, азаматтарға кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуде бірыңғай стандарттар белгілеу, олардың қаржылық мүдделерін қорғау және басқа да бірқатар іс-шаралар қамтылған.

2019 жылы Польша президенті Анджей Дуда Варшавада қазақстандық Тасыбай Әбдікәрімовті «Virtus et Fraternitas» медалімен марапаттады. Медаль польшалықтарға күрделі кезеңдерде көмектескен азаматтарға беріледі. Т.Әбдікәрімов оның алғашқы иегері атанды. «Virtus et Fraternitas» медалімен «ХХ ғасырда тоталитарлық жүйе құрбандары» болған поляктарға көмек қолын созған азаматтар марапатталады. Оны Польша Республикасының президенті алғыс ретінде «адамдық қасиетті қорғауда жанқиярлық қайсарлығы мен адамдығы» үшін табыс етеді.



Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/20-mausym-kazakparat-kuntizbesi_a3663439”

©1info.net