1 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 1 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

Об этом сообщает http://armrinvesting.com

1 қаңтар, СӘРСЕНБІ

Жаңа жылдың бірінші күні

Қазақстан Республикасында 1,2 қаңтар күндері Жаңа жыл мерекесі атап өтіледі. 1 қаңтарды жылдың алғашқы күні ретінде ресми түрде Рим мемлекеттік қайраткері Юлий Цезарь бекітті. Ол б.з. дейін 46 жылы юлиан күнтізбесін енгізген.

Бейбітшілік күні. Бейбітшілік туралы Дүниежүзілік мінәжат ету күні

1967 жылдың 8 желтоқсанында Рим Папасы VI Павел әр жаңа жылдың бірінші күнінде атап өтуге қабылданған жаңа мерекені — Дүниежүзілік бейбітшілік күнін (католиктерде Бейбітшілік туралы Дүниежүзілік мінәжат ету күні) бекітті.

1969 жылдың 17 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік бейбітшілік күнін ресми мереке ретінде жариялады.

Қазақстанда Волонтёр жылы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтёр жылы деп жариялап, арнайы қаулыға қол қойды. Бұл жыл «Біргеміз» ұранымен өтетін болады. 2019 жылғы Жастар жылының қисынды жалғасы әрі бұл қоғамның ресурстары мен жасампаз энергиясына сүйенетін жастар бастамаларын дамытуға да бағытталады. Волонтёр жылы ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда 7 жалпыұлттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жергілікті деңгейде бірқатар шаралар қарастырылған. Әр өңірде 10-ға дейін волонтёрлік стартапты қолдау және іске асыру, волонтёрлер және волонтёрлік ұйымдармен жұмыс бойынша үйлестіру шараларын ұйымдастыру ескерілген. Бүгінде республика бойынша 200-ден астам волонтёрлік ұйымы жұмыс істейді. Волонтёрлік қозғалыспен 50 мыңнан астам адам қамтылды.

2019 жылдың мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресей жастарының ынтымақтастық форумы барысында республиканың «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Волентерлер жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы жарлығына сәйкес, биыл Қазақстанда ғұлама ғалымның мерейтойы атап өтіледі.

2020 жылы мұрасы әлемдік өркениеттің баға жетпес байлығы болып табылатын Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында ұлы философтың мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарда Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерттеуге және түсінуге бағытталған 50-ден астам іс-шара қамтылды.

Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Фараб қаласының (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар) Арыс өзенінің Сырдарияға барып құятын сағасындағы елді мекенде дүниеге келді. Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.

Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті ортасынан шыққаны мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» атауының болуы. Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің аса ірі өкілі. Өзінің білімі мен еңбегінің арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады. Оның атақты «Музыка туралы үлкен трактат» атты шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топика» және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды.

Абайдың 175 жылдығы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» Жарлыққа қол қойды. 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақынының мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында Абай мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

Абайдың 175жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі жоспар 80 тармақтан тұрады. Олардың қатарында ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызды, мәдени-ағартушылық шаралар мен медиа жобалар бар.

Президент Жарлығына сәйкес, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылданып, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу қарастырылады. Бұдан бөлек, Абай еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылданып, Абай мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселе пысықталады.

Абай (Ибраһим) (1845-1904) — ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абайдың әдеби-эстетикалық мұрасы — қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Абай салған дәстүрі қазақ ақындары мен проза жазушыларының жаңа буындарының шығармаларында жалғасын табуда. Қазақ әдебиеттануында Абайтану саласы дамып келеді. Абайдың өмірі мен шығармашылығы Мұхтар Әуезовті «Абай» және «Абай жолы» атты екі кітаптан тұратын роман-эпопея жазуға шабыттандырды. Көрнекті ақын-ағартушының шығармалары әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1897 жылы Жетісу облысы бойынша статистикалық деректер жинау үшін Жетісу облыстық статистика комитеті құрылды. Ұйымның алғашқы атқарған іс-шараларының бірі — Верныйдың, Үлкен және Кіші Алматы стансалары тұрғындарының бір күндік санағын жүргізу болды.

1904 жылы Орынбор — Ташкент теміржолымен пойыздар қатынай бастады. 1906 жылғы 1 сәуірде теміржол толығымен пайдалануға берілді. Теміржолдың Қазақстаннан өтетін бөлігі қазір 1600 километрге созылып жатыр.

1931 жылы ұзындығы 1444 шақырымға созылған Түркістан-Сібір темір жол магистралі тұрақты пайдалануға берілді. Түрксіб Орта Азия мен Сібір аудандарын жалғастырып, экономиканың өрлеуіне өз үлесін қосты. Сонымен қатар темір жол бойларында жаңа жұмыс орындары ашылды.

1966 жылы «Шалқар» радиосы тыңдармандарымен қауышты. «Шалқар» — тек қана мемлекеттік тілде хабар тарататын Қазақ радиосының бөлімшесі.

1980 жылы Алматы сәулет-құрылыс институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы) құрылды. Институт Қазақтың политехникалық институтының сәулет және инженерлік-құрылыс факультеттерінің және Бүкілодақтық сырттай инженерлік-құрылыс институтының Алматы филиалының негізінде құрылды. 1992 жылдан қазіргі атымен аталады. Отыз жылдан бері институтта 10 мыңнан аса жоғары дәрежелі мамандар дайындалды.

1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Институттың алғашқы сабағы 1992 жылғы тамыз айында басталды. Аталмыш білім ордасы «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы және Орта Азиядағы халықаралық стандартқа сай орта және жоғары білім беру базасында мамандар даярлайтын жоғары білім беру көшбасшысы болды.

1993 жылы Қазақстан мен Чехия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстан Республикасының Мажарстан және Чехия республикаларындағы елшілігі 1993 жылы ашылды, ал 1994 жылдың желтоқсанында Чехия Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. 177 жылы Чехияда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы қызметін бастап, ол 2004 жылы елшілікке айналды.

1995 жылы Қазақстанда жаңа төлқұжат пен жеке куәлік енгізілді.

2003 жылы «Ақтау Теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істей бастады .

«Ақтау Теңіз порты» АЭА-ның аумағы жалпы ауданы 2000 гектарға тең болатын алты жекелеген жер учаскесінен тұрады. АЭА аумағында ерекше құқықтық режим бар, оған сәйкес АЭА аясында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар салық төлеуден және кедендік төлемдерден босатылады.

2009 жылы Қазақстан Республикасы ресми түрде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) төрағалары «Үштігінің» құрамына кірді. ЕҚЫҰ-ның Рәсімдер ережелеріне сәйкес «Үштікті» ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағалары құрайды.

2016 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы төрағалығын бастады.

2017 жылы Қазақстан ресми түрде Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін бастады. БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның тағы бір байрағы ілінді. Қауіпсіздік кеңесінің барлық 15 мүшесінің қатысқан бірінші отырысы 3 қаңтарда өтті.

2018 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын қабылдады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етудің халықаралық мәртебесі орасан зор. БҰҰ Жарғысына сәйкес, ҚК бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға басты жауапты орган, оның шешімдеріне БҰҰ-ға мүше елдердің барлығы бағынуға міндетті.

2019 жылы Қазақстанда бейресми жұмыспен қамтылғандарға бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді.

Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.



Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/1-kantar-kazakparat-kuntizbesi_a3599748”

©1info.net