Оқушылар сабақта маска тағып, қолғап киюі қажет пе? Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді

Жаңа оқу жылында мектепке барып оқитын балалар сабақта маска тағып отырады, ал қолғап кию міндетті емес.

Об этом сообщает Русский слон

"Балаларға қолғап кигізу міндетті емес екенін айтқым келеді. Әлеуметтік желіде тараған бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Сабақ кезінде балаларға маска тағу керек болады. Себебі балалар коронавируспен сирек ауырса да, ауруды тасымалдайды. Сәйкесінше, індетті ересек адамдарға жұқтыруы мүмкін", – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов онлайн баспасөз мәслихатында.


Оқи отырыңыз: Мұғалім еңбекақысы, оқулық сапасы, мектеп бюджеті. Жаңа оқу жылында болатын өзгерістер қандай?


Соңғы күндері коронавируспен ауырып шыққан балалардың Кавасаки синдромына шалдығу жағдайына алаңдап отырғаны байқалады. ДСМ ресми өкілі байбалам салудың қажеті жоқ екенін айтты.

"Елімізде балалардың Кавасаки синдромымен жаппай ауыру дерегі жоқ. Бұл синдром коронавирус жұқтырған 2,5 мыңға жуық баланың тек 16-сында ғана анықталды", – деді Қожахметов.


Оқи отырыңыз: Кавасаки синдромы. Белгілері қандай және ол бала денсаулығына қаншалықты қауіпті?


Айтуынша, олардың бәрі кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Науқастардың жартысы Кавасаки синдромынан толық емделіп шықты.

"Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаеваның айтуынша, балалардың 80 пайызында коронавирус жеңіл және сипмтомсыз өткен. Тек, 20 пайызының жағдайы орташа және ауыр болды. Негізінен, олар ауыр созылмалы ауруы бар балалар.

Балалар арасында коронавирустан қайтыс болғандар жоқ.

"Қазіргі кезде әлемнің көптеген елінде коронавирустың жеңіл немесе симптомсыз түрімен ауырған балаларда 14 күн мен бір ай арасында Кавасаки синдромына ұқсас көп жүйелі қабыну тіркеліп жатыр", – деді Бағдат Қожахметов.

Бұл індет көп жағдайда 5 жасқа толмаған балаларда кездеседі. Ал Кавасаки синдромына ұсқас ауруға шалдыққан балалардың басым бөлігі бес жастан асқан.

Кавасаки тәрізді синдромның негізгі клиникалық симптомына тоқталсақ, 24 сағат ішінде дене қызуының жоғары болуы байқалады.

Сонымен қатар, Бағдат Қожахметов соңғы 3 аптада елімізде коронавирус індетін жұқтыру деректеріне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, ПТР сынақ теріс нәтиже көрсеткен, яғни коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония бойынша 1-24 тамыз аралығында 22 744 науқас тіркелген. 4 519 науқас сауығып шықты, 258 адам қайтыс болды.

"Соңғы 3 аптадағы жағдайды салыстырмалы түрде жеткізсем, – аралығында 7 108 адам коронавирусты жұқтырған. 222 адам қайтыс болды. ПТР тест теріс нәтиже көрсеткен 7 940 жағдай тіркелген. 122 адам көз жұмды. Ал тамыздың 10-16-сы аралығында жағдай біршама өзгерді. Яғни, COVID-19 вирусын 3 995 адам жұқтырды. 151 адам қайтыс болды. ПТР тест теріс нәтиже көрсеткен 5 344 жағдай тіркелді, оның ішінде 64 адам қайтыс болды. Соңғы аптада, тамыздың 17-23-і аралығында COVID-19 індетін 1 685 адам жұқтырды, 108 адам қайтыс болды. 4 138 адамның ПТР тестінен теріс нәтиже анықталып, оның арасында тағы 40 адам көз жұмды", – деді ол.

50 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған

"Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығына түскен ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда осы жылдың 13 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен 104 713 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 92 598-ге жетті немесе жалпы көрсеткіш 84,4 пайызды құрады. Өкінішке қарай, 1 523 адам қайтыс болды", – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның айтуынша,10 597 адам ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Оның ішінде 52 бала бар. 5 673 адам стационарлық, 4 924 адам амбулаторлық жағдайда емделуде.

"Емделіп жатқан науқастардың 3,6 пайызының немесе 379 адамның денсаулығы ауыр және өте ауыр деп бағаланып отыр. Атап айтқанда, 309 адамның жағдайы ауыр және 70 адамның денсаулығы өте нашар. 50 науқас жасанды тыныс аулу аппаратына қосылған", – деді Бағдат Қожахметов.



Источник: “https://informburo.kz/kaz/oushylar-sabata-maska-tayp-olap-kiyu-azhet-pe-densauly-satau-ministrlg-tsnkteme-berd.html”

©1info.net