Полиция күні: Ағайынды Ыбыраевтар әке жолын жалғап келеді


ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 40 шақты ерлі-зайыпты полицияда еңбек етсе, династиялардың саны жүзден асады. Солардың бірі – Тайынша ауданындағы Ыбыраевтар үйелмені, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Об этом сообщает Компромат ГРУ

Дәурен, Ерлан және Ержан Ыбыраевтар — Тайынша ауданының полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, учаскелік полиция инспекторы және тергеуші. Мемлекеттік қызметте туған-туыстар бір-бірінің қарамағында жұмыс істемеу керек, сондықтан ағайындылар түрлі бөліністе қызмет атқарады. Бастары жұмыс барысында тек тергеу шеңберінде ғана қосылады.

Ағайынды Ыбыраевтардың әкесі Мәули өмір бойы мемлекеттік автоинспекцияда жұмыс істеді. Ол 1999 жылы 44 жасында зейнетке шығысымен дүниеден озды, төрт баласының үшеуінің форма киіп, офицер атанғанына қуанып та үлгермеді. Бірақ балалары әкесінің көзі тірісінде-ақ таңдауларын жасап қойған. Аналары Қалампыр – педагог, төртінші бауырлары Нұржан, анасының жолын қуып, Тайынша орта мектебінде сурет пен сызудан сабақ береді.








Аналарының үйі — барлығы қауышатын қасиетті шаңырақ. Полиция қызметінде сирек болатын демалыстары сәйкес келгенде бауырлар отбастарымен осы жерден табылады.

«Балаларымыздың қайсысының ата жолын қуатынын білмейміз, олардың мамандық таңдауларына араласпаймыз. Тек олардың қоғамға адал қызмет ететін лайықты азамат болып өскенін қалаймыз. Бізді де әкеміз солай тәрбиелеген: ең маңыздысы — ісіңе, еліңе адал болу. Әкем «құқық қорғаушылар – халық қызметшілері, азаматтарға көмек көрсету және қорғау олардың міндеті» деп әрдайым айтып отыратын», — дейді ағайындылардың үлкені Ерлан.

Ерлан Чермошнянка ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры шенінде.

2018 жылы қараша айында Ново-Ивановка ауылында өрт болды. Көршісінің үйінен түтінді байқаған әйел, бірден Ерлан Ыбыраевқа қоңырау соққан, тек содан кейін «101» хабарлаған. Абырой болғанда, осы кезде Ерлан құтқарушы жолдасы Олег Солодкомен бірге болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілерден бұрын жеткен екі дос өртеніп жатқан үйден 65 жастағы тұрғынды алып шығып, жасанды дем алдыру жасады. Тұрғындардың өз учаскелік инспекторын жақсы білуі адам өмірін аман алып қалуға септігін тигізді.

Осы батылдығы үшін Ерлан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды және солтүстікқазақстандық полицейлердің ішінде алғашқы болып ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алды. Салтанатты марапаттаудағы фотосуреттер бүгінде аудандық полиция бөлімінің музей бөлмесінен орын алды. Ағайынды полицейлер музейге әкелерінің жетонын, жезлын және фотосуреттерін де тапсырды.

«Бұл жәдігерлер қызмет пен өміріміздің арасын байланыстыратын тағы бір құрал, оларды бір-бірінен ажыратып елестету қиын. Полиция бөлімі біз үшін – балалық шақтың бір бөлігі. Біз мұнда жаңа жыл мейрамында түрлі-түсті ойыншықтармен безендірілген шыршаға келетінбіз. Әкем домбырада, гитарада жақсы ойнайтын, мен қосылып ән айтатынмын, бірге көркемөнерпаздар байқауына қатысатынбыз. Бізді тіпті, облыстық байқауға да шақырған, әкем жұмысын тастап кете алмаған соң, қатыспадық. Менің балаларым өскен соң полиция қызметі жайлы не айтатынын білмеймін, бірақ жақсы ой қалыптасады деген сенімдемін», — дейді Ерлан.

Ерлан мамандықта ғана емес, өмірлік серігін таңдауда да әкесіне ұқсаған. Оның жары Диана – мұғалім. Айта кетейік, СҚО ПД бөліністерінде 50-ге тарта полиция қызметкері өмірін ұстаздармен байланыстырған. Жалпы өңірде погонды ерлі-зайыптылар 40 шақты болса, барлығы 100-ден астам отбасылық әулет қызмет атқарады.









Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/policiya-kuni-agayyndy-ybyraevtar-ake-zholyn-zhalgap-keledi_a3664873”

©1info.net